ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше БҚО мәслихаттарында кеткендердің орнына жаңа депутаттар сайланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Облыстық сайлау комиссиясынан түскен мәліметке қарағанда, №12 Пугачев сайлау округі бойынша Бөрлі аудандық мәслихатына және №4 сайлау округі бойынша Орал қалалық мәслихатына сайлау өткізілді. Бос екі орынға алты үміткер ат қосты.
Сайлаушылардың белсенділігі байқалып, 8099 адам немесе тізімге енгізілгендердің 70,23 пайызы дауыс берді.
Сайлау қорытындысында Пугачев сайлау округі бойынша «Конденсат» АҚ бас инженері Нұрия Муфтеева Бөрлі аудандық мәслихаты болып сайланды. Оған сайлаушылардың 88,8 пайызы жақтап дауыс берді.
Облыс орталығында «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Дәулетжанов 77,96 пайыз дауыс жинап, қалалық мәслихатқа сайланды.
«Олардың екеуі де - «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Сайлау кезінде заңдылықтың бұзылғаны жөнінде арыз-шағым түскен жоқ», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Вячеслав Иночкин.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).