БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, төраға жаңа судьяларды таныстыра отырып, бұл тағайындау кәсіби біліктілікті мойындау ғана емес, сонымен қатар қоғам алдында үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
Ол заң талаптарын қатаң сақтау, тәуелсіздік пен бейтараптық қағидаттарын ұстану, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, сондай-ақ сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Бауыржан Убин Орал қалалық сотының судьясы болып жұмысқа кірісті.
Бауыржан Алпысбайұлы 1974 жылғы 26 тамызда Абай облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. 1997 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.
1997-2009, 2013-2024 жылдары Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасында прокурор, аға прокурор, прокурордың орынбасары, аудан прокуроры, қала прокуроры, 2010-2013 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының адвокаты болды.
2026 жылғы 1 маусым мен 30 шілде аралығында Орал қалалық сотында тағылымдамадан өткен.
Сырым аудандық сотына судья болып Умида Жетпісбаева келді.
Умида Батырбекқызы 1986 жылғы 25 қыркүйекте Жамбыл облысының Жамбыл қаласында өмір есігін ашқан. 2008 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған.
2008-2009 жылдары Байзақ аудандық сотының бас маманы — сот отырысының хатшысы, 2009-2017 жылдары Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы — сот отырысының хатшысы, 2017-2023 жылдары Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісі талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы болды.
Сондай-ақ 2023-2026 жылдары ҚР Сот әкімшілігі Жамбыл облысы бойынша департаменті ұйымдастыру-талдау бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірқатар судья мен сот төрағалары тағайындалғанын жазған едік.