БҚО-да жануарлардан 1 300-ден астам адам зардап шекті

Фото: freepik.com

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жануарлардан зардап шеккен адамдар саны көбейді.

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенованың мәлім еткеніндей, биылғы алты айда жануарлардан жарақат алған 1 333 адам медициналық көмекке жүгінді.

Оның сөзіне қарағанда, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (1 296) асып кетіп отыр.

- Соның ішінде 942 адамды ит қапқан. 341-і мысықтан, төртеуі жылқыдан, 10-ы ірі қарадан, 35-і басқа жануарлардан зардап шекті. Дегенмен адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ, - деді Д.Жаңабергенова.

Департамент басшысының айтуынша, биыл Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе және Тасқала ауданында 4 адамның бруцеллезге шалдыққаны тіркелді. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда, 0,6-дан келеді. Барлық жағдайда ауру melitensis қоздырғышынан туындаған және адамдар малмен тығыз қарым-қатынас жасаған кезде жұқтырған.

Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, бруцеллез 16 дерекке кемігенімен, өңірде әлі де кездесіп отыр.

- Бруцеллездің алдын алу үшін малды жыл сайын тексеруден өткізу қажет. Сондай-ақ жеке қорғаныш құралдарын қолданып, мал дәрігерінің рұқсатынсыз ет пен сүтті сатпау керек. Оған қоса өнімдерді тек рұқсат етілген орындардан сатып алу маңызды, - деді Д.Жаңабергенова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда эпидемиолог мамандар жетіспейтінін жазған едік.