ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы жеті айда жануарлардан зардап шеккен 1 803 адам медициналық көмекке жүгінді.
БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның мәлім еткеніндей, бұл өткен жылғы осы кезеңдегіден (1 607) едәуір көбейіп отыр. Адамдар арасында құтыру ауруы тіркелген жоқ.
Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, соның ішінде 1 250 адамды ит қапты.
- Жануарлардан зардап шеккен жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну маңызды. Сондай-ақ құтыру ауруына қарсы екпе жасату қажет. Жұқпалы дерттердің таралуын болдырмау – баршаға ортақ жауапкершілік. Осы орайда уақытылы екпе алып, жеке бас гигиенасын сақтап жүру де керек, - деді Г.Кереева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қызылшамен ауырғандар саны 300-ге жуықтағанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да туберкулез бен бруцеллезге шалдыққандар саны көбейіп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).