БҚО-да жануарлардың тістеуінен зардап шеккендер саны 2 500-ден асты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы он айда жануарлардың тістеуінен 2 502 адам зардап шексе, соның 856-сы – балалар.

Фото: ДСМ

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, жапа шеккендердің басым бөлігі иттердің шабуылынан жарақат алған. Атап айтқанда, 1 705 адамды ит қапса, 666-сын мысық тістеген. 

Оған қоса өзге жануарлардың тістеуі салдарынан 129 адам медициналық көмекке жүгінген. 

- Жануарлардың тістеуі адам денсаулығы үшін қауіпті. Әсіресе, иесі белгісіз және қараусыз жүрген ит және басқалармен байланыс кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау қажет, - дейді К.Мұхитова. 

Мамандар сондай-ақ жануарларды үркітпеу, мазаламау және оларға тас лақтырмау керектігін еске салады. Балаларды қараусыз қалдырмай, ит-мысықпен қарым-қатынас жасау кезінде бақылауда ұстау маңызды. Жануар тістеген жағдайда уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну – құтыру сияқты аса қауіпті аурудың алдын алудың маңызды шарасы.

Департамент мәліметіне сәйкес облыста жыл басынан бері құтыру ауруы тіркелген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ЖРВИ жұқтырғандардың 6 мыңнан астамы балалар екендігін жазған едік.