ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 372 бас киіктің жаппай өлгені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Жәнібек ауданы Тау ауылдық округінде (орталығы Қайрат ауылы) болды. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желі арқылы хабарлады.
Қайрат аудан орталығы Жәнібек ауылынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, киіктердің ұшасы канал бойында, сондай-ақ далада жатыр.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев оқиғаны растады.
«Инспекторлар жергілікті халықтың дерегін анықтады. Бұдан бұрын осы маңда қатты жаңбыр мен найзағай жүріп өткен. Киіктің ұшаларын тексерген кезде найзағайдың кесіп өткен іздері байқалды. Қосымша сынамалар алынып, зерттеуге жіберіліп жатыр. Барлығы 372 бас киіктің шығынға ұшырағаны белгілі болды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Қадешев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).