ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл «Жасыл ел» бағдарламасына 58 млн теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, бөлінген қаржының 42 млн теңге «Жасыл ел» сарбаздарының жалақысына, қалғаны ұйымдастыру шараларына жұмсалмақ.
Биылғы бір жаңалық - «Жасыл ел» сарбаздарының жалақысы 60 мың теңгеге дейін көтерілді.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мен студенттік құрылыс жасақтарының маусымдық жұмысы 1 маусымнан басталды. Биылғы маусым-қыркүйек айларында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1175 сарбазды және студенттік құрылыс жасақтары бойынша барлық аудандарда 350 сарбазды жұмысқа тарту жоспарланып отыр. Олар аумақтар мен өзен жағалауларын тазалау, аула спорт алаңдарын көріктендіру, ағаштарды отырғызып, жас көшеттерді күту, жол бойындағы инфрақұрылымды абаттандыру істерімен айналысады.
«Жасыл ел» облыстық штабы мен «Жайық таза қала» ЖШС, сондай-ақ аудандардағы орман шаруашылығы мекемелері арасында жастарды жұмысқа қабылдау жөнінде меморандумға қол қойылды. Оған қоса студенттік құрылыс жасақтарының жұмысын ұйымдастырып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жастарды жұмыспен қамту үшін өңірдегі құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).