БҚО-да Жайық өзеніндегі су деңгейі Жарсуат ауылы тұсында 460 сантиметрден асты

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласынан басқа тұста көтерілді.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 22 наурыз күнгі таңдағы мәліметі бойынша облыстың бас өзені Бөрлі ауданы Жарсуат ауылындағы гидробекетте бір тәулікте 46 см жоғарылап, 462 сантиметрге (қауіпті шегі – 1 мың см) жетті.

Сол секілді Бәйтерек ауданы Январцев елді мекенінде 359 см (+21 см, қауіптісі – 1 мың см), Көшімде 298 см (+10, 850 см), Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 260 сантиметрді (+26 см, 1 мың см) көрсетті. Тек Орал қаласында өзен деңгейі 13 см төмендеп, қазір 270 сантиметр болып тұр.

Жайыққа құятын Шаған өзені Бәйтерек ауданы Чувашин ауылында 898 сантиметрге (-17 см) дейін түссе, Мичуринде 30 сантиметрге (405 см, қауіптісі – 1 100 см) көтерілген.

Орынбор облысындағы Иреклі қоймасынан Жайыққа секундына 30 текше метр су жіберілуде.

Өңірдің басқа барлық дерлік өзендерінде су деңгейі түскен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстандағы өзендер мен су айдындары қандай жағдайда екендігін жазған болатынбыз.