БҚО-да Жайық өзенінің деңгейі 850 сантиметрге жетуі ықтимал

Фото: Фото: Ғайсағали Сейтақ

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында сәуір айының екінші жартысында Жайық өзенінің деңгейі қауіпті шегі – 850 сантиметрге жетуі ықтимал.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың айтуынша, бұл Ресей аумағынан келетін су көлеміне байланысты болады. 

«Қазіргі уақытта Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан секундына 790 текше метр су жіберілуде. Бұл көрсеткіш күніне екі-үш есе өсуде. Себебі Ирикла қоймасына келіп түсетін су көлемі артуда. Оған қоса Орынбор облысында су тасқыны басталды. Жайық өзенінің деңгейі Орынбор қаласының гидробекетінде бір тәулікте 1 метр 80 сантиметрге көтерілді. Сонымен қатар Жайыққа судың 80 пайызын беретін ең үлкен саласы – Сақмарда 60 сантиметрге жоғарылады. Облыстың басты өзені Орал қаласы тұсында 587 сантиметрді көрсетті. Кейінгі төрт сағатта су деңгейі 13 сантиметрге түсті, өйткені өзен мұздан толықтай арылған жоқ. Әйтсе де алдағы уақытта Ресейден мол су келмекші», - деді Т. Шапанов.

Тілеген Шапановтың сөзіне қарағанда, Жайықтағы су деңгейі 650 сантиметрден асқан кезде өзен жайылмаларында орналасқан 1, 2, 3 саяжайлар қоғамы, ет комбинаты ауданындағы және басқа жерлердегі бау-бақша серіктестіктерін су басады. 

Жайық өзенінде ең көп су тасыған кездері 1941 жылы – 945, 1957 жылы – 930, 1994 жылы – 855, 2005 жылы – 778, 2011 жылы 708 сантиметрге жеткен. Яғни, биыл бұдан 30 жыл бұрынғы деңгейге жеткелі тұр.

«Сондай-ақ Шаған өзеніндегі су деңгейі 1 282 сантиметрге жетіп, қауіпті деңгейден 2 сантиметрге асты. Өзеннің жоғары сағасында орналасқан Орынбор облысындағы Сергеевка гидробекетінде су деңгейі бір тәулікте 35 сантиметрге көтеріліп, қауіпті шектен 30 сантиметрге асты. Ол жақта да су тасқыны жағдайы күрделі. Яғни, су бір-екі тәулікте Чувашин тұсына, 12 сағатта Орал қаласына жетеді. Деркөл өзені соңғы 16 сағат ішінде 40 сантиметрге төмендегенімен, оның суы Шағанға тіреліп, толықтай өте алмағандықтан, жоғары деңгейі сақталып тұр», - дейді филиал директоры. 

Оның айтуынша, Елек өзені Шыңғырлау ауылы тұсында 783 сантиметрге (қауіпті деңгейі – 750 см) жетті. Бірақ Шыңғырлау ауданында су басу деректері тіркелген жоқ. Өйткені бұл өзеннің жайылмалары Ресей аумағында болғандықтан, сол жақтағы елді мекендерге қауіп төндіруде. Сол секілді Быковка өзені Бәйтерек ауданы Құрманғазы ауылы тұсында қауіпті деңгейден (810) 9 сантиметрге асты.

Фото: Ғайсағали Сейтақ

«Казталов, Жаңақала аудандарының аумағымен өтетін Сарыөзенде жағдай тұрақталып келеді. Ресейлік әріптестердің мәліметіне қарағанда, Малоузен гидробекетінде су деңгейі бір тәулікте 219 сантиметрге төмендеді. Ал Қараөзенде Казталов ауданы Қайыңды ауылы тұсында жоғары деңгей (950 см) сақталуда, бұл жерде су секундына 387 текше метрмен ағуда. Бұл өзен бойынша Саратов облысында көптеген су қоймасы орналасқан. Соның ең соңғысы – Қайыңдымен шекаралас Приузен су қоймасынан секундына 500 текше метр су жіберілуде», - деді Т. Шапанов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кеткенін жазған болатынбыз.