ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес БҚО бойынша бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан 151, сондай-ақ пробация қызметі есебінде тұрған 611 адамға рақымшылық жасалады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бас маманы міндетін атқарушы, әділет майоры Тимур Дүйсәлиевтің айтуынша, соның ішінде 4 адам ғана түзету мекемесінен бостандыққа шығады. 39 адамға қатысты жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылса, үкімде көрсетілген басқа да талаптары толықтай өтелген 108 сотталушының жазасы қысқартылады.
Еске сала кетейік, аталмыш Заң ізгілік актісі әрі мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып табылады. Заңға сәйкес әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататындар, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек баласы бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар қылмыстық жазадан босатылады. Жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлмен немесе бостандығын шектеумен алмастыру, сонымен қатар қысқарту да көзделген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).