БҚО бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Асылұлан Досжановтың мәлім еткеніндей, соның ішінде 33-і – өндірістік, 11-і – топтық жазатайым оқиғалар.
Асылұлан Тұрсынұлының айтуынша, осы оқиғалар салдарынан 44 адам зардап шексе, соның бесеуі қаза тапты. 21-і ауыр жарақат алды. Өндірістік топтық жазатайым оқиғаларда зардап шеккен 18 адамның үшеуі көз жұмды.
- Арнайы тергеп-тексеру нәтижелері көрсеткеніндей, барлық жазатайым оқиғалар техногендік сипатта емес, олардың негізгі себебі – адам факторы. Мұның басты себептері ретінде зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, жұмыстарды ұйымдастырудың қанағаттанарлықсыз деңгейі, жол қозғалысы қағидаларын бұзуды айтуға болады. Сондай-ақ бұған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзу, қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқытудың жеткіліксіздігі, ақаулы машиналар мен механизмдерді және жабдықтарды пайдалану да себепкер, - дейді А.Досжанов.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қарапайым талаптар мен нормаларды елемеуі осындай жазатайым оқиғаларға соқтырады. Сондықтан өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Өкінішке қарай, жүргізіліп жатқан профилактикалық және өзге де іс-шараларға қарамастан, жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар әлі де орын алуда.
Сонымен қатар жұмыскерлер өндірістік жарақат отбасы табысының едәуір төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін түсінуі қажет. Мысалы, өндірістік жарақат салдарынан еңбекке қабілеттілігін ішінара жоғалтқан жұмыскерлер бес жыл ішінде шамамен 40 пайызға дейін табысынан айырылады. Көп жағдайда отбасы мүшелері зардап шеккен жұмыскерге күтім жасау үшін жұмысын тастауға мәжбүр болады.
Департамент басшысының түсіндіруінше, зардап шеккен жұмыскерлерді қорғау мақсатында елімізде «Жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңы қолданылады.
Еңбек кодексінің және аталған Заңның нормаларына сәйкес меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілер, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Алайда іс жүзінде барлық жұмыс берушілер мұны орындамайды, осылайша еңбек заңнамасының талаптарын бұзады.
Сайып келгенде, жұмыскерлерді сақтандыру жұмыс берушілердің өздері үшін де тиімді. Жұмыскер еңбекке қабілеттілігін жоғалтып, кәсіптік ауруға шалдыққан немесе қайтқан жағдайда, сақтандыру шарты болмаған кезде оның барлық жоғалған жалақысын зейнеткерлік жасқа дейін өтеу, сондай-ақ асырауындағыларды кәмелетке толғанға дейін қамтамасыз ету шығындарын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен көтереді. Ал сақтандыру полисі болса, бұл төлемдерді сақтандыру ұйымдары жүзеге асырады.
- Міндетті сақтандыру шартын жасаспау жұмыс беруші үшін әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескеру керек. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес мынадай айыппұлдар көзделген:
шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 160 АЕК (692 мың теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 400 АЕК (1 млн 730 мың теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 1000 АЕК (4 млн 325 мың теңге), - деп қосты А.Досжанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да еңбек заңнамасының бұзылу деректері бойынша түскен өтініштер саны артып отырғанын жазған едік.