БҚО-да жедел жәрдем фельдшерлері 60 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды
ОРАЛ. KAZINFORM – Облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшерлері клиникалық өлім жағдайына тап болған ер адамды ажалдан аман алып қалды.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, диспетчерлік бөлімшеге 1964 жылғы ер адамға қатысты жүрек ауруы шағымымен шақырту түскен.
Аталған шақырту бойынша медициналық көмек көрсету кезінде науқас кенеттен клиникалық өлімге ұшыраған. Фельдшерлер Н.Ешімов пен Д.Семғалиева дереу жүрек-өкпе реанимациясына кірісті.
- Жедел жәрдем қызметкерлерінің дұрыс және уақытылы әрекеттері арқасында пациенттің өз бетінше тыныс алу жүйесі және жүрек қызметі қалпына келтірілді. Бұдан соң жедел жәрдем бригадасымен науқас облыстық кардиологиялық орталыққа аман-есен жеткізілді. Қазіргі таңда ер адам тиісті ем қабылдап жатыр, жақын арада ауруханадан үйіне жіберілетін болады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, 3 адамның зардап шеккенін жазған болатынбыз.