ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл «Бизнестің жол картасы - 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлікті қолдауға 1618,7 млн. теңге қаралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршиннің айтуынша, соның ішінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 1300,7 млн., бір бөлігін кепілдендіруге 94 млн., гранттық қаржыландыруға 47 млн., облыс орталығы, моноқала мен аудандарда кәсіпкерлікті дамытуға септесуге несие ретінде 177 млн. теңге қарастырылды.
БҚО өңірлік үйлестіру кеңесі биылғы қаңтар айында 1,3 млрд. теңгеге 7 жобаны мақұлдады.
Сонымен қатар нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға септесуге 526 млн. теңге бөлінбекші.
«Өңірде барлық ауданда палата филиалдары жанында кәсіпкерлерге көмек көрсету орталықтары жұмыс жасайды. Кәсіпкерлер осы орталыққа келіп, өз жобаларын ұсынып, кеңес ала алады. Аудандық кәсіпкерлер кеңесінде мақұлданған жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалына жіберіледі. Қазіргі кезде аталмыш орталықтарға 951,4 млн. теңгені құрайтын 108 жоба түскен», деді Н.Қайыршин «ҚазАқпарат» тілшісіне.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).