ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күшті жел аудандық сот ғимаратының шатырын ұшырып түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 11.30-да Жәнібек ауданы орталығы Жәнібек ауылында болды.
«Екпіні секундына 19 метрге дейін жеткен желдің салдарынан қос қабатты аудандық сот ғимаратының 200 шаршы метр шатыры сыпырылып түсті. 1975 жылы салынған ғимараттың жалпы ауданы - 200 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда сіріңкемен ойнап жүрген 7 жасар қыздың күйіп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).