Жобаны қолға алған «Жел энергиясы» ЖШС директоры Мұрат Қаныбековтің айтуынша, осы мақсатқа Ақсай қаласының солтүстік бөлігінен 100 гектар жер бөлінді. Онда елу генератор тұрғызу көзделуде. Жобаны жүзеге асыру үшін бастапқыда елу адам жұмыспен қамтылмақ. Кейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүрген кезде 120 адамға жетпек. Жалпы құны 119,5 млн еуроны (39,9 млрд теңге) құрайтын жобаның бас мердігері - осы жұмыста тәжірибесі бар ресейлік «ACTIVITY» компаниясы. Құрылысты алдағы жылы бастап, 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жоба он жылда өзін-өзі ақтамақшы.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Өтегеновтің сөзіне қарағанда, жасыл экономика бағытындағы бұл жоба экология жағынан да тиімді. Ауданға қомақты қаржы келумен бірге жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылады.
Жалпы, Бөрлі ауданы жаз кезінде 12, қыста 15 МВт электр қуатын тұтынады. Жаңа станса іске қосылса, оның қуаты көршілес аудандарды да қамти алады.
Бөрлі ауданы әкімдігі мен «Жел энергиясы» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, жұмыстар басталып кетті.