БҚО-да жемқорлық қылмысы құқық қорғау қызметкерлері арасында жиі кездесіп отыр

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жемқорлық қылмысы құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында жиі кездесіп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда,  биылғы алты айда жемқорлық қылмыстары бойынша барлығы 17 адам сотталды. Соның ішінде 8-і немесе 47 пайызы - құқық қорғау органдарының қызметкерлері, екеуі (11 пайызы) - білім, тағы екеуі (11 пайызы) - әкімдік қызметкерлері, бесеуі (29 пайызы) басқа салалардың үлесіне тиеді. Сотталғандардың 8-іне бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Төртеуіне бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза беріліп, оларға «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес рақымшылық жасалып, негізгі жазадан босатылды. Қалған адамдарға 6,2 млн. теңге айыппұл салынды. Қазіргі кезде айыппұл мемлекет пайдасына толықтай өндірілді.

Айта кетейік, биылғы бірінші жартыжылдықта 151 күдіктіге қатысты процессуалдық келісім жасалып, олар тиісті жазасын алды. Түрмеде жазасын өтеушілердің санын азайту бойынша жүргізілген жоспарлы жұмыстың нәтижесінде жазалау 27,5 пайызға азайды.