ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі ауданы прокуратурасының араласуымен Жанар Құтқожиева Чапаев орта мектебі директорының орынбасары қызметінен босатылды.
БҚО прокуратурасынының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Теректі аудандық білім беру бөлімінің бұрынғы басшысы Светлана Шүкіроваға қатысты қылмыстық істің аясында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін Ж.Құтқожиева қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Соған қарамастан, ол Чапаев орта мектебі директорының бұйрығымен директордың орынбасары қызметіне тағайындалған.
ҚР Еңбек кодексі 139-бабы 4-тармағына сәйкес бұрын сыбайлас жемқорлыққа барған адамның азаматтық қызмет атқаруына тыйым салынған. Сондықтан аудан прокуратурасы Чапаев орта мектебі директорының атына наразылық енгізіп, соның нәтижесінде Ж.Құтқожиева қызметінен босатылды.
Еске сала кетейік, қарауындағылардан пара алғаны үшін С.Шүкірова Орал қалалық сотының 2015 жылғы 2 қазандағы үкімімен ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 2-тармағы, 366-бабы 3-бөлігі 4-тармағы, 24-бабы 3-бөлігі бойынша сотталған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).