БҚО-да Жеңіс күніне орай 5 мыңнан астам адамға материалдық көмек көрсетілді

Фото:
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Жеңіс күніне орай 5 мыңнан астам адамға біржолғы материалдық көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, 5 289 адамға 308,1 млн теңге бір жолғы әлеуметтік жәрдем берілді.

Басқарма басшысы Альмира Төлегенованың айтуынша, облыс бойында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 16 майдангер болса, солардың барлығына 1,5 млн теңгеден төленді.

Сондай-ақ Ленинград қаласын қоршау кезінде жұмыс істеген 2 ардагерге, 7 фашистік лагерь тұтқынына, кеңес әскерінің ерікті жалдамалы құрамында болған 1 адамға 120 мың теңгеден берілді.

Қайтыс болған Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен мүгедектерінің және соларға теңестірілгендердің әйелдері (166 адам), 2 961 тыл еңбеккерінің әрқайсысына 30 мың теңгеден тиді.

Қосымша санаттар бойынша 2 136 адамға 189,1 млн теңге төленді.

Өңірде Отан қорғаушы және Жеңіс күніне орай іс-шаралар өтуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Жеңіс күніне орай майдангерлерге 1,5 млн теңгеден берілетінінін жазған болатынбыз.