ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы аумағында Ақтөбе-Орал тас жолында адам өліміне соқтырған жол-көлік апаты болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 22 наурыз күні шамамен сағат 06.15-те Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылы тұсында болды.
— Жүргізуші Opel Zafira автокөлігімен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сөйтіп Van Hool автобусымен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Opel Zafira автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы мерт болды. Автобус жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанға ұшқышсыз ұшатын аппарат құлағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).