Мерейтой иегерін университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиев, Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. 1979 жылы Орал педагогикалық институтын бітіріп, содан бері ұстаздық қызметін атқарып келе жатқан Ұлдай Рысқалиқызына облыс әкімінің алғысхаты табыс етілді.
Университет доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақзия Ниязғалиева Ұлдай Ержанованың ұстаздық еңбегіне тоқталса, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесінің төрағасы Болат Жексенғалиев жер-су атауларын зерттеген ғалымның ономастика саласына қосқан үлесін атап өтті. Университет доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Жаңабек Жақсығалиев Ұ.Ержанованың «Батыс Қазақстан облысының ономастикалық кеңістігі» атты жаңа монографиясына талдау жасады. Бұл ретте жер-су атауларын тәуелсіздік талаптарына сәйкестендіру бағытында ғалым пайымдауларына сүйенуге болатындығы тілге тиек етілді.
Айта кетейік, Ұлдай Ержанованың жұбайы, марқұм Отарәлі Бүркіт осы оқу орнында ұзақ уақыт бойы еңбек еткен республикаға белгілі ғалым, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор болатын.