ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жеті автокөлік отқа оранды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мирас Әлекешевтің айтуынша, бұл өткен жылдың осы кезеңімен (10 автокөлік) салыстырғанда, 42,8 пайызға төмендеген.
Жалпы, өткен жылы автокөліктерде 117 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл - жалпы өрт санының (663) 18 пайызы. Демек, аз емес.
«Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып табылады. Сондықтан автокөліктердегі өрттің алдын алу мақсатында өңірде «Қауіпсіз көлік» шарасы қолға алынды. Департамент қызметкерлері БҚО ІІД жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, автовокзал, автотұрақ, базар, ірі ойын-сауық кешендері мен мекемелер аумағында рейдтер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жадынамалар мен ақпараттар облыс тұрғындарына әлеуметтік желілер арқылы («WhatsApp», «Facebook», «ВКонтакте», «Инстаграм») да таратылды», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Әлекешев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).