БҚО-да жылыту маусымына дайындық қарқынды жүріп жатыр

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексеру мақсатында Орал қаласындағы энергетикалық және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандарына барды.

Атап айтқанда, өңір басшысы 2-ші, 3-ші және 18-ші кәріздік сорғы станцияларын, 5-ші жылу магистралі мен Дауымов көшесіндегі су өткізу құбырларын жаңғырту жұмыстарымен танысып, мамандармен кездесті.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жылыту маусымына өңірдегі барлық нысандардың уақытылы дайын болуы керектігін атап өтті.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

 

«Биыл өңірімізде коммуналдық салада ірі жобалар іске қосылады. 1974 жылы салынған қаламыздың 150 мың-ға жуық тұрғынын қамтамасыз етіп отырған 2,3 және 21-ші кәріздік сорғы станциялары түгелдей жаңартылады, қосымша қаланың Құрылысшы, Қадыр Мырза Әлі, Жаңа Орда шағын аудандарын және „ескі аэропорт“ ауданын онда 150 мың тұрғынды қамтитын 18-ші КСС (кәріздік сорғы станциясы) құрылысы басталатын болады. Сонымен қатар, Орал қаласының Ақжайық шағын ауданындағы және Солтүстік-Шығыс бағытындағы қосалқы электр станциялары, электр таратушы компанияның жұмысын жеделдету үшін Зашаған кентінде жөндеу-өндірістік базасы және жылу желілері бойынша 70 мың адамды қамтитын 5-ші жылу магистралі жөнделіп жатыр», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің сөзінше, былтырғы жылы Жапониялық «Хитачи» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, Орал қаласы жылу электр орталағының газ турбиналы қондырғысын жөндеу бойынша келісім жасалған.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

«Осыған байланысты, осы жылдың маусым айында Жапониядан арнайы мамандар келіп, тиісті жұмыстарды іске асыратын болады. Осы орайда тиісті сала басшыларына, барлық аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтауды қатаң бақылауда ұстауды және сапалы орындауды тапсырамын», — деді әкім.

Бұдан бөлек, Нариман Төреғалиев Орал қаласы мен Бөрлі ауданы әкімдіктеріне (Ақсай қаласы) Мүлік иелерінің бірлестіктерімен бірге көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындауды тапсырды.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Жылыту маусымына өңірдегі барлық нысандардың дайындығы мен құрылысын аяқтау жұмыстарын қадағалау облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық аудан-қала әкімдері мен облыс әкімінің орынбасарларына жүктелді.