ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қос бірдей тосын оқиға орын алды.
19 наурыз күні Шыңғырлау ауданындағы кәсіптік-техникалық лицейде оқитын 18 жасар жігіт сол ауданға қарасты Қарағаш ауылына келіп, одан 18 шақырым жердегі көршілес Қаратөбе ауданындағы ата-аналары тұратын Шалғын елді мекеніне (Қоскөл ауылдық округі) жаяу жетпек болады. Алайда сол күні қар жауып, күн суытқандықтан, жігіт Қарағаш ауылынан 13 шақырым шыққаннан кейін жолда үсіп өлген. Ал Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылының 35 жасар тұрғыны, екі баланың анасы үйінен 16 наурыз күні шығып, жоғалып кетеді. Оның ері әйелінің жоғалып кеткені жөнінде 20 наурыз күні ғана хабар берген. Содан бері әйелді іздестіруге Оралдан келген құтқарушылар да тартылды.
Ауданнан 22 наурыз күні түскен мәліметке қарағанда, әйел әлі табылған жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).