ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының тұрғыны қызының жоғалып кеткені жөнінде полицияға шағым түсірген.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 22 тамыз күні сағат 21.20-да жүгінген әйелдің сөзіне қарағанда, қызы танысымен бірге дүкенге кеткеннен оралмаған.
Дереу жедел іздестіру іс-шаралар кешені ұйымдастырылып, іздестіруге полицияның барлық бөлімшесі жұмылдырылды.
— Қабылданған шаралар нәтижесінде 23 тамыз күні 32 жастағы ер адам ұсталды. Ол қыздың қайда екендігін көрсеткен. Қыз бала ауыл шетінен тірі табылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғыны бұрынғы қызын бопсалап, 9 млн теңгесін алғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).