ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен жасөспірімнің денесі екі күннен кейін Жайық өзенінен табылды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 8 шілде күні Теректі ауданы Қабылтөбе ауылы тұсында жедел құтқару жасағының күшімен 2008 жылғы жасөспірімнің денесі өзеннен шығарылды. Марқұм киімшең күйінде болған.
«Аталған жасөспірім 6 шілде күні демалыс кезінде белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Өлімнің себебі анықталып жатыр. Полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындады», - деп хабарлады ведомстводан.
Теректі ауданы ТЖ бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Серіковтің нақтылауынша, жасөспірім жазғы демалыс кезінде Ақтау қаласынан осы аудандағы тума-туысқандарына қыдырып келген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан төрт адамның мерт болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).