ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 1 шілде күні Бәйтерек ауданы полиция бөліміне Үлкен Шаған ауылының 1988 жылғы тұрғыны Андрей Щуканың 26 маусым күні үйінен шығып кетіп, оралмағаны жөнінде арыз түскен болатын.
Жоғалып кеткен ер адамды іздестіруге полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды.
Жедел іздестіру шаралары барысында үйдің ауласындағы шаруашылық сарайының жертөле шұңқырынан зорлықпен өлтірілген аталған ер адамның мүрдесі табылды.
Осы қылмысқа күдікті ретінде осы ауылдың 1984 жылғы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол жәбірленушімен бірге арақ ішкен.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынының 5 күннен бері табылмай жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).