ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен бала пішеннің арасында ұйықтап жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, оқиға 13 қазан күні кешкісін Бәйтерек ауданы Зеленый ауылында болды.
Оның сөзіне қарағанда, шамамен сағат 20.15-те 2012 жылғы Денистің жоғалып кеткені жөнінде хабар түскен.
Баланы іздеуге полиция департаменті бастығының бұйрығымен бүкіл жеке құрам жұмылдырылды.
«Департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің басшылығымен тәртіп сақшылары ауылдың түкпір-түкпірін қарап, түні бойы іздестірді. Таңмен сағат 07.00-де басқа үйдің ауласындағы пішеннің арасында ұйықтап жатқан жерінен баланы криминалист Роман Ксенофонтов, жедел уәкіл Серік Қарлыбаев, жүргізуші полицей Ринат Төлеуғалиев тапты. Қазір бала үйінде», деді Б.Нұрғожин.
Бала ойнап жүріп, пішеннің арасында ұйықтап қалған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).