ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен мүгедек ер адам он күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында тұратын 48 жастағы Сергей Тюркин 13 маусым күні шамамен сағат 17.30-да үйінен шығып кеткеннен оралмаған.
«Аталған ер адам мүгедек, есте сақтау қабілетінде мүкілік бар. Оны Жарсуат ауылынан 500 метр жердегі Жайық өзенінен іздестіру жұмыстары бүгін таңмен қайта жалғасты», деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ аудан орталығы Ақсай қаласында 22 маусым күні кешкісін 1982 жылғы ер адам Шыңғырлау өзеніне батып кеткен болатын. Оның денесі бүгін таңмен 07.55-те табылып, судан шығарылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да көлде жоғалып кеткен 8 жасар бала мен атасының ұшақпен іздестіріліп жатқанын жазған болатынбыз.
БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, бала әлі табылған жоқ.
Департамент жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмау керектігін еске салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).