ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мал іздеуге шыққан тағы бір тұрғын адасып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше Жаңақала ауданы Мәштексай ауылдық округінде орын алды.
Ақшағыл қыстағында өз үйінен мал іздеуге сағат 15.00-де шыққан 1997 жылғы жігіт содан оралмаған.
Бүгін таңертең сағат 8.15-тен бастап ТЖ қызметкерлері (3 адам, 1 техника) бір полицеймен, жергілікті атқарушы органдар (4 қызметкер, 2 техника) және тұрғындармен (16 адам, 4 техника) бірлесіп, іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Соның нәтижесінде жоғалып кеткен жігіт сағат 13.00-де Жұбан қыстағынан аман-есен табылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да мал іздеуге шыққан тұрғындардың адасып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).