ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында төрт адам қаза тапқан жол апаты салдарынан ауыр жарақат алғандар ем алып жатыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта екі науқас Казталов ауданы Жалпақтал ауылындағы ауруханада емделуде.
«Сегіз жасар баланың жағдайы өте ауыр. Шамала оң өзгеріс бар. 1981 жылғы ер адамның жағдайы тұрақты ауыр. 10 жасар бала санавиациямен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер жол апатынан жарақат алған адамдардың жағдайын жақсарту бағытында қолдан келгеннің бәрін жасауда», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан төрт адамның қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Кеше таңмен «ГАЗ-3102» автокөлігі Чапаев-Жалпақтал-Казталов жолында Жалпақтал ауылы тұсында жол шетінде тұрған «КамАЗ»-ға соғылған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).