ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасы болды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 19 қазан күні шамамен сағат 15.15-те Атырау-Орал жолының 455-шақырымында Бәйтерек ауданы Көшім ауылы тұсында екі автокөлік соқтығысты.
Жүргізуші Toyota Hilux автокөлігімен келе жатып, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сөйтіп Lada Priora автокөлігімен түйісуге жол берген.
- Жол апаты салдарынан Lada Priora автокөлігінде отырған ер адам оқиға орнында көз жұмды. Осы автокөліктегі тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. БҚО полиция департаменті жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтау керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екі күн ішінде бұрын іздеуде болған 13 күдікті ұсталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).