ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасынан екі адам мерт болды.БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 1 қыркүйек күні түсте Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолында болды.
«Алдын ала мәлімет бойынша «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүргізушісі басып озамын деп, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Содан “Subaru” автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апаты салдарынан «Volkswagen Passat» отқа оранып, жүргізуші автокөлік ішінде жанып кетті. Сондай-ақ оқиға орнында «Subaru» автокөлігінде отырған жолаушы көз жұмды. Осы көліктің жүргізушісі мен үш жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ақпаратты кейін беретінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апатынан ауыр жарақат алған баланың Оралға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).