ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 42 жастағы әйел жол-көлік оқиғасынан көз жұмды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 17 қараша күні сағат 06.30-да Ақсай-Орынбор жолының 22-шақырымында «Нефтек» жанар-жағар май құю стансасы маңында Ш. деген жүргізуші «Volkswagen Sharan» автокөлігімен 1975 жылғы А. деген жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Соның салдарынан аталған азаматша «жедел жәрдем» көлігінде көз жұмған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, осыған дейін «ҚазАқпарат» жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілердің қатысымен 147 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 24 адамның қаза тапқанын хабарлаған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).