ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 9 жасар бала қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға бүгін таңғы сағат 07.50-де Ақжайық ауданы аумағында болды.
«Орал-Атырау жолында Тайпақ ауылы тұсында жүргізуші рульге ие бола алмай, автокөлік аударылған. Салдарынан 2013 жылғы бала оқиға орнында көз жұмды. Көлік жүргізушісі медициналық көмектен бас тартты. Жол апатынан тағы екі адам зардап шекті. Алдын ала мәлімет бойынша 1976 жылғы әйел бас пен мидың жабық жарақатын алып, миы шайқалған, сол аяғы жырылған. 1996 жылғы қыз да бас пен мидың жабық жарақатын алып, миы шайқалған, оған қоса жұмсақ тіндері көгерген», деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөліктің жылқыға соғылып, бір адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).