ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан автокөлік ішінде екі адам жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 24 қазан күні Ақжайық ауданы аумағында болды.
Орал-Атырау жолының 209-шақырымында «Лада Веста» және «Лада Приора» автокөліктері бетпе-бет соқтығысқан.
Соның салдарынан автокөліктер өртенген. «Лада Приора» автокөлігінің ішінде болған екі адам жанып кетті.
«Лада Вестада» түрлі жарақат алған 31 жастағы ер адам мен оның 30 жастағы әйелі Ақжайық аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнында өрт сөндірушілер мен трассалық медициналық құтқару бекетінің қызметкерлері де барды. Полиция қызметкерлері де жұмыс істеуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жүк көлігі қағып кеткен жүргізушінің көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).