АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Орал-Атырау» тасжолы бойында "КамАЗ" жүк көлігі мен "Shevrolet Orlando" жеңіл көлігі соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға болған Ақжайық ауданы Тайпақ ауылының тұсына бүгін сағат 09.33-те жедел жәрдем шақырылды.
Жол апаты салдарынан 1975 жылғы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Сонымен қатар екі адам Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді. 1971 жылғы өзбекстандық әйел оң аяғынан жарақаттанған. Ал 1998 жылғы өзбекстандық азамат сол және оң жақ иығы тұсынан жарақат алған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөліктің бағанға соғылып, жас жігіттің көз жұмғанын жазған болатынбыз. Қазіргі уақытта қос оқиғаның да мән-жайы анықталуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).