ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал-Атырау күре жолының Зеленов ауданы Щапов ауылының тұсында «ВАЗ-21102» автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, "DAF" жүк көлігімен соқтығысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Жол апаты кеше сағат 19.25 шамасында тас жолдың 27-шақырымында болды.
Аудандық ішкі істер бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, «ВАЗ-21102» автокөлігінде отырған жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Осы көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушы жедел жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілген.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, қазіргі кезде 1983 жылғы және 1992 жылғы ер азаматтар облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде жатыр, жағдайлары қанағаттанарлық. 1983 жылғы азаматтың жауырыны сынған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).