ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-да жол апатынан бір адам қаза тауып, екіншісі ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 14 сәуір күні шамамен сағат 17.20-да Бөрлі-Ақсай жолының 15-шақырымында орын алды.
Ақсайдан шыққан 1986 жылғы жүргізуші «Фольксваген Пассат» автокөлігінің руліне ие бола алмай, аударылып қалуына жол берген.
Соның салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. 1992 жылғы ер адам Бөрлі аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне ес-түссіз күйінде жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, тірі қалған тұрғын келесі күні есін жиды. Қазір ол облыстық көпбейінді ауруханада емделуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бес автокөлік түйісіп, 19 жасар қыздың ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).