ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі адам қаза тауып, төртеуі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы Бөрлі-Пугачев жолы бойында, Пугачев ауылы маңында 19 қаңтар күні болды.
«ВАЗ-2109» және «Лада Ларгус» автокөліктері түйіскен.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға орнына қос бірдей жедел жәрдем бригадасы жетті. Пугачев ауылынан да медицина қызметкері шықты.
Екі ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Оған қоса 2001 және 2004 жылғы қыздар, 1996 жылғы жігіт пен 1988 жылғы ер адам түрлі жарақаттармен Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізілді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).