ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Батыс Қазақстан облысында болған жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, Подстепный-Елек автожолының 81-шақырымында, Бөрлі ауданы Бөрлі ауылынан 20 шақырымдай жерде «ГАЗель» мен «Лада Гранта» автокөлігі соқтығысқан.
Оқиға салдарынан «Лада Гранта» автокөлігінің 1994 жылғы жүргізушісі мен сонда отырған 1981 жылғы әйел адам қаза тапты. Осы көлікте болған тағы үш жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. «ГАЗель» көлігі өртеніп кеткен. Алдын ала мәліметке қарағанда, «ГАЗель» көлігінің жүргізушісі жеңіл жарақат алған.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).