ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 4 адам жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 16 маусым күні шамамен сағат 13.13-те Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолының 27-шақырымында болды.
«ВАЗ-21103» автокөлігінің 1994 жылғы жүргізушісі қиылыста бұрылу кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, 1984 жылғы жүргізуші айдап бара жатқан «Шаран» автокөлігімен соқтығысуға жол берген.
Автокөліктерде 8 адам болған, соның екеуі – кәмелетке толмағандар.
«ВАЗ-21103» автокөлігінде отырған төрт жолаушы жансақтау бөліміне жатқызылды. Соның біреуі – бір жасқа толмаған сәби.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлікпен соқтығысқан мотоциклдің 15 жастағы жүргізушісі мерт болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).