БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соңғы бес жылда жол-көлік оқиғалары өсіп отыр. Мысалы, 2015 жылы 490 (2014 жылы - 404) жол апатынан 98 адам (84) көз жұмып, 626-сы (573) түрлі жарақат алды. Биылғы үш айда 84 (2015 жылғы бірінші тоқсанда - 82) жол-көлік оқиғасынан 21 адам (8) мерт болып, 110-ы (97) жарақаттанды. Жол апаттарының 88 пайызы жүргізушілердің кінәсінен, соның ішінде әрбір үшіншісі жылдамдық тәртібін сақтамаудан болып отыр.
Өңірде жолаушы тасымалдайтын автокөліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғаларының көбеюі алаңдатады. Талдау көрсеткеніндей, облыста автобус жүргізушілерінің саны сол автокөліктердің өзінен 6 есе көп. Соңғы екі жылда жол ережесін бұзғаны үшін әр бесінші қоғамдық көлік жүргізушісі жауапқа тартылса, соның ішінде 53-і екі, 10-ы үш мәрте «көзге түскен». Бұған жүргізушілердің бір-бірімен бәсекеге түсіп, жарысуы әсер етуде. Тіпті бірлескен рейдтер кезінде автобусты туберкулез, наркологиялық және жүйке аурулары диспансерлерінде есепте тұратын, сондай-ақ көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамдардың айдап жүргені анықталған. Тек өткен жылы ғана қоғамдық көліктің қатысуымен 26 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 7 адам қаза тапса, 59-ы жарақат алды.