АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында жол қозғалысын бақылау мақсатында ұшқышсыз ұшатын аппараттар қолданыла бастады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұржан Қуанғалидың мәлім еткеніндей, бұл – жол апатының алдын алу бағытындағы қосымша шаралардың бірі.
Оның айтуынша, дронды қолдану патрульдік полиция қызметін жеңілдетіп, жол ережесін бұзушылықты тиімді анықтауға мүмкіндік беріп, болдырмауға септеседі.
- Биылғы төрт айда басып озу ережесін бұзғаны және жолдың қарсы бетіне шығып кеткені үшін 3 278 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда, әсіресе, жол апаты жиі болатын учаскелерге баса көңіл бөлінуде. Түнгі уақытта, сондай-ақ демалыс және мереке күндері қала сыртындағы трассаларда автопатрульдер саны көбейтілді, - деді Н.Қуанғали.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан екі оқушының көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).