БҚО-да жол салудағы 50,5 млн теңге заң бұзушылық: Қылмыстық іс сотқа дейін жетті

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық сотында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Дастан Ақмамбетов пен «ШамШың» ЖШС басшысы Айбар Ғалымжановқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжанның мәлім еткеніндей, Д.Ақмамбетовке ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлімі 3-тармағы (ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану), А.Ғалымжановқа ҚК 189-бабы 4-бөлімі 2-тармағына (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу - аса iрi мөлшерде жасау) сәйкес айып тағылды.

Қазіргі кезде екеуі де қамауда отыр. 

Заңгердің сөзіне қарағанда, 2021 жылы 28 маусымда Д.Ақмамбетов пен А.Ғалымжанов «Бөрлі ауылы ішкі жолын 335,9 млн теңгеге 5 айда күрделі жөндеу» шартын жасаған. Алайда міндеттер толық әрі уақытында орындалмаған.

- Біз 2022 жылы 1 қыркүйекте «Әділдік жолы» ұйымында жүріп, қоғамдық бақылау нәтижесінде Бөрлі ауылында ішкі жолға қаражат төленсе де, жұмыс жасалмағанын білдік. Арыз жазып, фотосы мен видеосын Антикорға бердік. Аудит тексеріп, көшенің жөндеуінде 50,5 млн-ға заң бұзушылық тапты. 2025 жылы 29 қыркүйекте мердігер өз еркімен бюджетке 19,7 млн теңгені қайтарды. Бір күннен кейін БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «ШамШың» ЖШС-дан тағы да 19,5 млн өндірілді және 11,2 млн теңгенің жұмысын қайтадан жасау міндеттелді, - дейді Б.Ахметжан. 

Бөрлі ауданы әкімі аппаратының мәліметіне қарағанда, аталған сот шешімі негізінде сот орындаушылармен «ШамШың» ЖШС-дан өңдіру және жұмыстарды жасау бойынша шаралар атқарылған. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 19 531,7 мың теңге өндірілді және Бөрлі ауылында 11 286,7 мың теңгенің жұмысы қалпына келтірілді. 

Оған қоса аудан әкімінің 2026 жылғы 28 қаңтардағы өкімімен сол кезде Приурал ауылы әкімі болып жүрген Д.Ақмамбетов лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілген.

- Қазіргі кезде аталған қылмыстық істі Бөрлі аудандық сотының судьясы Әсел Өскембаева қарап жатыр, - деп қосты Б.Ахметжан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 519 млн теңгеге жөнделген жолдың быт-шыты шығып жатқанын жазған едік.