БҚО ТЖ департаменті зілзала қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Ерлан Төрегелдиев мәлім еткендей, оқиға 18 маусым күні сағат 14.20-да Бөрлі ауданы Березов ауылы маңында болған.
Ақсай-Шыңғырлау тас жолының 32-шақырымында шөп тиелген екі тіркеменің отқа оранғаны жөнінде хабар түскен.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 3 адам 1 техникамен қатысты.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталу үстінде. Алдын ала мәлімет бойынша от ұшқын бәсеңдеткіштің ақауынан шыққан.
«Облыста күннің ысуына байланысты IV дәрежелі өрт қаупі жарияланды. Сондықтан тұрғындар, шаруа адамдары аса сақ болуы керек. Ыстық кезде от кез келген ұшқыннан, темекі тұқылынан тұтануы мүмкін. Шөп шабатын, таситын техникалар да алдын ала тексеруден өтуі керек», деді ҚазАқпарат тілшісіне Е.Төрегелдиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да күннің ысуына байланысты құрғақ шөптің өртенуі көбейіп кеткенін жазған болатынбыз.
20 маусым күні өңірде күндіз 35-38 градус ыстық болатыны жөнінде де ескерту жарияланып отыр.