БҚО-да жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Батыс Қазақстан облысында жолаушылар автобусы мен жеңіл автокөлік соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оқиға бүгін таңертең Орал-Кирсанов жолы бойында болған. «Фольксваген» автокөлігі Зеленов ауданы Рубежин ауылынан шыққан автобуспен түйіскен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға салдарынан барлығы үш адам зардап шекті. «Фольксваген» автокөлігінің жүргізушісі жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. Бір әйел адам Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Тағы бір әйел дәрігердің көмегіне жүгінуден бас тартты.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 2 наурыз күні кешкісін Оралда «Киа» автокөлігі аялдамада тұрған №43 бағытта жүретін автобуспен түйісіп, 4 адамның жарақат алғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оның алдында 27 ақпан күні Сырым ауданы Алғабас ауылы тұсында автобуспен түйіскен «ВАЗ-2114» автокөлігінің рулінде болған аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы көз жұмған еді.