БҚО-да жолда қалған 23 шетелдік азамат эвакуацияланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жолда қалған 23 шетелдік азамат эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 22 қараша күні Сырым ауданы аумағында орын алды.

Сағат 07.06-да Самара-Шымкент күре жолында «Vanhool» маркалы жолаушылар автобусының сынып қалғаны жөнінде хабар келген.

ТЖ департаменті (2 қызметкер, 1 техника) және жергілікті атқарушы органдардың (1 адам, 1 техника) күшімен 23 жолаушы аудан орталығы Жымпиты ауылына жеткізіліп, жылыту пунктінде орналастырылды. Бұлардың 21-і Өзбекстан, екеуі Тәжікстанның азаматы болып шықты.

Зардап шеккендер жоқ.

Сол күні сағат 23.30-да барлық жолаушылар басқа автобуспен сапарларын жалғастырды.

Солардың қатарында болған тәжікстандық Шокир Хужамалиев пен өзбекстандық Юсуфбек Косимов жергілікті қызметкерлерге жедел қызметі үшін алғыстарын білдірді.