БҚО-да жолдарға ЖСҚ жасау кезінде 271 млн теңге негізсіз жұмсалған

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 2019 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың тапсырысымен автомобиль жолдары бойынша жасалған 195 жобалау-сметалық құжаттаманың 68-і іске асырылмаған.

Фото: БҚО әкімдігі

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта оларды қолданудың мерзімі өтіп кеткен. 

Оның сөзіне қарағанда, салдарынан бюджеттен 271 млн теңге негізсіз жұмсалған. Бұл жол инфрақұрылымы саласындағы бюджет қаражатын жоспарлау мен жұмсаудың тиімсіздігін көрсетеді.

- Облыстық әкімдікпен әлеуметтік маңызы бар нысандарды абаттандыру жөніндегі бірлескен жоспар аясында департаментпен тұрақты түрде жол құрылысына мониторинг жүргізіліп, жымқырудың ықтимал тәуекелдері мен бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жөнінде ақпараттық хаттар жолданды. Биыл соның нәтижесінде шамамен 550 млн теңге бюджет қаражатын жымқырудың алдын алдық. Сонымен қатар уақытында қабылданған шаралардың арқасында бастапқы кестеден артта қалған 17 жолдың құрылысы аяқталды, - дейді Ә.Сабуров.

Департамент басшысының айтуынша, талдау барысында 18 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою үшін 44 ұсыныс берілген. 

Негізгі тәуекел – облыс бойынша автомобиль жолдарының құжатталуының жоқтығы.

Салдарынан жолдарды салу мен жөндеуді жоспарлау жүйесіз жүзеге асырылады, бұл ресурстарды тиімсіз пайдалануға, жұмыстардың орындалуын бақылаудың қиындауына және жол инфрақұрылымының сапасын төмендетуге әкеледі. Мысалы, Орал қаласында соңғы жылдары Абай, Назарбаев даңғылдары және Сарайшық көшесі бірнеше рет жөндеуден өткізілген. Ал Е.Тоқсанов, Т.Жароков және Преображенская көшелерінде соңғы 20 жылда бірде-бір жөндеу жүргізілмеген.

Сол секілді орташа жөндеуге дайындалған құжаттама болғанына қарамастан, оның күрделі жөндеуге арналған жаңасын жасау орын алған. Атап айтқанда, 2021 жылы Бөкей ордасы ауданында Мұратсай ауылына кірме жолды орташа жөндеуге 1,8 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Алайда кейінірек сол жолды күрделі жөндеуге арналған жаңа жобалау-сметалық құжаттама жасалған.

- Қазіргі уақытта облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 94,6 млрд теңгеге 13 жобаны іске асыруда. Алайда тапсырыс беруші мемлекеттік органның жол құрылысы жұмыстарын уақытылы бақыламауы, сондай-ақ мердігер тарапынан болған кідірістер жобалардың айтарлықтай қымбаттауына әкелді. Мысалы, 2022 жылы аяқталуы тиіс Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139 км) жолының жөндеуі қазір бастапқыда жоспарланғаннан 11 млрд теңгеге артық, яғни 17,7 млрд теңгеден 28,7 млрд теңгеге дейін өсті. Көптеген бұзушылықтарға қарамастан, басқарма мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылдаған жоқ және жолды жөндеу жылдан-жылға жалғасуда, - дейді Ә.Сабуров.

Сонымен қатар Сырым ауданы Қособа ауылының (14-29 км) кірме жолын орташа жөндеу жобасын жүзеге асыру аясында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану дерегі анықталған. 

- 2022 жылы Сырым ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен мердігер ұйым арасында 1 млрд 058 млн теңгеге шарт жасалған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың желтоқсанында басталып, 2023 жылдың желтоқсанына дейін тапсырыс беруші мердігерге 948,4 млн теңге аударған. Әйтсе де мониторинг жүргізу барысында орындалған жұмыстар актілері мен нақты орындалған жұмыстар арасында 513 млн теңгеге елеулі алшақтықтар бар екендігі белгілі болды. Департаменттің араласуынан кейін бұзушылықтар жойылып, лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нысан аяқталу қарсаңында, - деді департамент басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолдар қалай салынып жатқанын жазған болатынбыз.