БҚО-да жолды күтіп ұстамаған мекеме басшысына айыппұл салынды

Фото: Фото: ҚазАвтоЖол

ОРАЛ. KAZINFORM — Шыңғырлау аудандық сотында мемлекеттік мекеме басшысына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 462-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, аудандық полиция бөлімінің жол және техникалық қадағалау тобының мемлекеттік автоинспекторы жүргізген тексеріс нәтижесінде автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға жауапты лауазымды адамның өз қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны анықталды.

Сот отырысында мемлекеттік мекеме басшысы өзінің кінәсін толық мойындап, ауыл ішінде құмды-тұзды қоспалардың тек көше бұрылыстарына шашылғанын айтты. Ол құмды-тұзды қоспаларды шашатын техника жоқ екенін, адам күші жетіспегендігін, қардан көшелерді техникалар тазалауға үлгермегендігін жеткізді.

— Сот іске қатысушыларды тыңдап, лауазымды қызметкердің уәжі негізге алынбайтынын айтып, автомобиль жолдарының қардан тазаланбауы мен құмды-тұзды қоспалардың төселінбеуі автокөлік жүргізушілері мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді деген тұжырымға келді. Көрсетілген мән-жайлардың негізінде аталмыш кодекстің 829-14, 829-16-баптарын басшылыққа алып, сот лауазымды қызметкерді кінәлі деп тауып, оған 41 286 теңге көлемінде айыппұл салды, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 51,2 млн теңге әкімшілік актінің күші жойылғанын жазған болатынбыз.