БҚО-да ЖРВИ жұқтырғандардың 6 мыңнан астамы – балалар

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 1 қазаннан бері 9 062 адамның жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жұқтырғаны тіркелді.

Фото: Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мира Қауымбаеваның мәлім еткеніндей, соның ішінде 6 075-і 14 жасқа дейінгі балалар болса, 23-і – жүкті әйелдер. 

Мира Нұрланқызының сөзіне қарағанда, эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері облыс аумағында тұмау инфекциясының зертханалық расталған дерегі тіркелген жоқ.

Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу мақсатында өңірде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Халықты тұмауға қарсы вакцинациямен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде.

- Облыс бойынша тұмауға қарсы 68 мың адамды вакцинациялау көзделген болатын. Күні бүгінге дейін 60 916 адам екпе алды. Бұл –жоспарланған көрсеткіштің 89,58 пайызы. Егілгендердің 5 879-ы – балалар, 55 037-сі – ересектер. Сонымен қатар медициналық қызметкерлер арасында 6 378 адам, оған қоса 688 жүкті әйел тұмауға қарсы вакцинамен қамтылды, - дейді М.Қауымбаева.

Оның айтуынша, тұмауға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың және оның ауыр ағымынан, ықтимал асқынуларынан қорғанудың тиімді жолдарының бірі. Әсіресе, балалар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар үшін екпенің маңызы зор.

Бұдан бөлек, тұрғындарға маусымдық респираторлық инфекциялардың алдын алу мақсатында жеке гигиена талаптарын сақтау, қолды жиі жуу, бөлмелерді тұрақты желдету, адамдар көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстану ұсынылады. Ауру белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделмей, медициналық көмекке жүгіну қажет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қызылшамен ауырғандар саны 17 есеге жуық артып кеткенін жазған едік.